АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ МҮЛДЕМ ЖОЙЫЛДЫ
Мамыр айында аймақта 9 мектеп ашылды. Қалған 3 білім ошағы жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни, тамыз айында есігін айқара ашады. Бұл нысандардың барлығы апатты саналып келген мектептер орнына салынды.
–Білім беру саласында білім беру сапасын арттыру бойынша тиімді жұмыс атқаруды жалғастырудамыз. 2016 жылы мектеп бітірушілердің 95%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерде білімдерін жалғастыруға қол жеткізді.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы үш жылда мектеп бітіруші түлектерді ең үздік ресейлік және отандық ЖОО мен колледждерге мақсатты түрде оқуға жіберудеміз.
Бүгінгі таңда, 400-ге жуық түлек Ресей Федерациясының білім грантының есебінен Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-да білім алуда (Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында).
Бұдан бөлек, облыс әкімнің гранты бойынша оқып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған негізінен ауылдық отбастарынан шыққан балалар санын 500-ге жеткіздік. Өткен жылы, тағы да еске салайын, мектеп бітірушілердің 95%-ы ЖОО мен колледждерге түсіп, көбісі грант иегерлері атанды, – деді облыс әкімі Қ. Көшербаев жуырда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында берген есебінде.
Биылғы ҰБТ көрсеткіші бойынша біздің облыс алдыңғы бестікке кіреді.
Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарына түсу үшін межелік деңгейден балы аспай қалған, яғни, 50 баллдан асыра алмаған түлектер де бар.
Облыс басшысы жоғары және орта оқу орындарына түсе алмай қалған әр баламен жеке-дара жұмыс жасалатынын атап өтті. Қалай болғанда да олардың өздерін өздері жоғалтып, «маргиналды» жастардың қатарын толықтыруларына жол бермеу керек.