ОБЛЫСТА 41 КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Облыста құрылыс қарқын алуда. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы көптеп салынып, Сыр бойы бұл бағытта республикадағы көшбасшылар қатарына қосылды. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков саланың жарты жылдық жұмысының қорытындысын жария етті.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 5,5 млрд.теңге қаржы бөлінді, оның ішінде ҚР Ұлттық қорынан 4,4 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд.теңге бағытталып отыр.
–Облыста жалпы ауданы 141,3 мың шаршы метрді құрайтын 41 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға барлық қаржыландыру көздерінен 2 260,4 млн.теңге қаржы бөлінді.
Атап айтқанда, ҚР Ұлттық қорынан 1 562,5 млн.теңге қаржы Қызылорда қаласы, Жаппасбай батыр көшесіндегі №2 кварталындағы 160 пәтерлі №8 және 50 пәтерлі №16 тұрғын үйлердің құрылысы жұмыстарына бөлінді. Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы.
Есепті мерзімге барлық қаржыландыру көздерінен 267,7 мың шаршыметр тұрғын үй (өткен жылға 163,9 %) пайдалануға берілді, оның 83,7 мың шаршы метрі 19 көпқабатты тұрғын үй болса, (980 пәтер) 184,0 мың шаршыметрі жеке тұрғын үй.