ЖАҢАҚОРҒАНДАР АСАРЛАТЫП ӨТКЕЛ САЛЫП ЖАТЫР
Жаңақорған кентінің іргесіндегі «Саяжай» мөлтек ауданы тұрғындарының аудан орталығына қатынауы үшін теміржол үстінен көлік өткелі салынуда, деп хабарлайды «Жаңақорған тынысы» газеті.
Азаматтар бірігіп, асар әдісімен салынған құрылыс сапасына аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев оң бағасын берді.
Шағын аудан тұрғындары көп игілігі үшін еңбек еткен азаматтар қатарында Әлайдар Әбуов пен Оразқожа Исаевты айтады. Олар «КамАЗ» көлігімен топырақ тасып, ортақ іске орасан үлес қосыпты. Жергілікті тұрғын Арафат Бектұрғанов та жеке көлігімен күн-түн қызмет жасаған.
– Жалпы, бұл көпір асар әдісімен салынып жатыр. Бірігіп істеген істе береке болады демекші, саяжайлық ағайынның ауызбіршілігі нәтижесінде арман болған асуды еңсердік. Бұл жұмыстарда кент әкімі Аллаберген Ахметов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов пен «Шалқия ЦИНК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмаддин Мұсабаевтың да зор ықпалы бар, – деді осы істің басы қасында жүрген халық қалаулысы Серік Абдуллаев.
Иә, «құдық қазу, тал отырғызу және көпір салу ең қайырлы іс» делінген хадисте. Сондықтан осы үш сауаптың бірін арқалаған аудан азамттарының ісі көпке өнеге десек болады. Жаңалыққа жаны құмар жаңақорғандықтар бұл жағдайды естіп көңілдері қуанышқа толды.
– Саяжай тұрғындары өте қуанышты. Әрине, бұл олардың көптен бергі тілектері болатын. Міне, уақыт күттірмей түйінді мәселенің тетігі табылып, қуаныш еселене түсті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осы іске атсалысып, мұрындық болып отырған азаматтарға көпшілік ризалығын білдіріп жатыр. Мұндай бастамалар ынтымағы жарасқан елдің келешегінің кемелденуін көрсетеді, – деді кент тұрғыны Мырзажан Жақыпов.