«ШЕКАРАСЫЗ СПОРТ» БАЛАЛАР АРМАНЫНА ҚАНАТ БІТІРДІ
Мүмкіндігі шектеулі балалар жазғы каникулда суға жүзуге үйренуде. Оларға «Шекарасыз спорт» әлеуметтік жобасы осындай сый жасады, деп хабарлайды облыстық телеарна.
Облысымызда 2013 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Шекарасыз спорт» жобасы осы бастамасы аясында балалар 3 ай бойы аптасына екі мәрте суға жүзуді үйренеді.
Бассейнге келгелі бері саулығы түзеле бастаған баланың бірі он екі жасар Әлинұр. Ол осы секцияға алғашқылардың бірі болып жазылыпты. Қазір бұрынғыдай тынысы ауырлауын қойған.
«Қазір өз бетімше жүзе аламын. Жаттықтырушы бізді үйретіп, үнемі қасымыздан табылады»,- дейді ол.
Жобаның мақсаты бала бойында сенім қалыптастыру. Сол арқылы өмірден өз орнын табуға сеп болу.
«Бұлардың көпшілігі ауыр науқасқа шалдыққан балалар. Біздің қордың көздегені осы балаларға өздерінің ешкімнен кем еместігін сезіндіру. Болам деген баланың талабын ұштау», - дейді «Чернобыль және Арал балалары» қоғамдық қорының атқарушы директоры Құралай Исаева.