ЖЕРГІЛІКТІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Құрылыс және мұнай салаларының инновациялық қуат және ресурсүнемдеуші технологиялары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Қызылорда бөлімі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясы мен ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының филиалы ұйымдастырған шараға аймақ ғалымдары, кәсіпкерлер мен өнеркәсіп орындарының қызметкерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қорқыт ата атындағы ҚМУ баспасөз қызметі.
Дөңгелек үстелді университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР ҰИА академигі Қылышбай Бисенов ашты.
Құрылыс материалдарын өндіруде орасан зор қуат мөлшері пайдаланылады. Небәрі бір өнім түрінің жалпы қуатсиымдылығы кейде қоршаған ортаны ластауға, табиғи ресурстардың жұтаңдануына және топырақтың деградациясына әсер ететін бірқатар процестерді қамтиды. Статистикаға сәйкес қуаттың әлемдік тұтыну мөлшерінің 45 пайызға жуығы және материалдар шығынының 40 пайызға жуығы құрылыстың үлесіне тиесілі. Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары өз еңбектерінде кәдімгі бетон, арболит, полистиролбетон, көбікбетон өндірісінде күн қуатын пайдалану проблемасын қарастырды.
Еңбектің авторлары кең көлемді зерттеулер жүргізіп, күн энергиясын өз бетінше немесе онымен бірге ішінара дәстүрлі қуат көздерін пайдалану арқылы түрлі бетон бұйымдарының тиімді қатаюын қамтамасыз ету мәселесін шешуге болатынын дәлелдеді. Авторлар орындаған құрылыс индустриясындағы гелиотехнологияларды ғылыми және практикалық зерттеулер нәтижелері 78-ден астам мақалаларда жарияланды және 10 авторлық куәліктер және патенттермен қорғалды, өнеркәсіптік өндіріс үшін тұтас бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Бүгінгі күні қатты қалдықтар проблемасы әлемнің бір де бір елінде толық көлемде шешілген жоқ, оларды кәдеге жарату ХХІ ғасырдың күн тәртібінде қалып отыр.
Университет ғалымдары бұл проблеманы мұнайшламы-шағыл құм үйлесімінде сазды жыныстарды қайта өңдеу негізінде жылуоқшаулағыш түйіршікті кеуек материалдар алу арқылы шешу мүмкіндігін дәлелдеді. Қалыптау, кептіру және күйдіру сатыларында энергетикалық шығындарды азайтудың жаңа жоғары нәтижелері алынды. Осылайша оқу орны ғалымдары асфальт-қарамай-парафин шөгінділері негізінде отын брикеттерін шығару технологияларын, асфальт-қарамай-парафин шөгінділері негізінде асфальтобетондардың жаңа технологияларын жасау арқылы мұнай қалдықтарын кәдеге жарату проблемасын шешу мүмкіндігі дәлелдеді. бойынша Сонымен қатар, университет ғалымдары мұнай қалдықтарын және күріш қауызын утилизациялау арқылы асфальтобетон, отын брикеттерін және жылуоқшаулағыш құрылыс материалдарынының жаңа түрлерін жасаудың тиімді технологияларын әзірледі.
Әлемде жыл сайын күрішті бастыру нәтижесінде 600 миллион тоннаға жуық қауыз пайда болады. Оның көп бөлігі отқа жағылады не жерге көміледі, ал бұл үлкен жер алаптарын қажет етеді. Ал университет ғалымдарынің зерттеулері композициялық материал – күріш қауызы негізінде арболит алу мүмкіндігін дәлелдеді. Ауыл шаруашылығының өсімдіктік қалдықтарын зауыттық өндіріс есебінен кәдеге жарату тәсілі тек құрылыс индустриясы мәселелерін ғана емес, экология және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын да шешудің нақты мысалы болып табылады.
Мұнаймен ластану ауқымы бойынша да, улылығы бойынша да жалпы планетарлық қауіп төндіреді. Мұнай мен мұнай өнімдері ағзалардың улануын, қырылуын және топырақтың реградациясын туғызады. Топырақ беттерін мұнаймен ластанудан тазарту проблемасын шешу, мұнаймен тастанған жерлерді қалпына келтірудің жаңа технологияларын жасап, бұрынғыларын жетілдіру басымдықтар қатарына жатады. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғалымдары университет қабырғасында жасалған жаңа биопрепараттарды пайдалану арқылы топырақты тазарту және мониторинг технологияларының жоғары тиімділігін көрсетті.
Университет ғалымдары әзірлеген технологиялар бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарында сұранысқа ие.
Ғылыми шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Ералиев «Энергетикалық қорларды өңдеудегі жаңа технологиялар», техника ғылымдарының докторы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серікбай Өмірзақов «Ресурстарды тиімді пайдалану – әлемдегі өзекті мәселе», техника ғылымдарының кандидаты, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ техникалық директоры, Қазақстанның 2015 жылғы үздік инженері Ғалым Байманов «Новые методы очистки нефтезагрязненных территорий в аридном жарком климате», биология ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры Салтанат Ибадуллаева «Мұнай өндіру аймақтарындағы техногенді ластанған экожүйелердің мониторингі», техника ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының профессоры Сәкен Үдербаев «Ресурсосберегающая технология арболита на основе местных сырьевых ресурсов» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жылыжай шаруашылығының жетекшісі Галина Дямуршаева «Зеленые технологий в тепличном овощеводстве» тақырыптары бойынша баяндама жасады.