БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ
Биыл 12-13 маусымда Байқоңыр қаласында 5-ші Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы өткізіліп, онда ғарышты шаһарды бірлесе дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы мен механизмдері талқыланған еді.
Үкіметаралық комиссияның жүйелі жұмысы арқасында «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бағытындағы мәселелер бірте-бірте шешіліп келеді. Дегенмен, комиссияның құзырына кірмейтін және үкіметтік деңгейде қаралуы тиісті мәселелер де бар. Бұл туралы облыс әкімі Қ. Көшербаев облыстық мәслихаттың XIV сессиясында берген есебінде айтты.
Соңғы жылдары Ресей Федерациясының Үкіметі Байқоңыр қаласын қаржыландыруды айтарлықтай қысқартты, әсіресе, қаланы дамыту бюджеті азайды. Сондықтан, облыс басшылығы ҚР Үкіметі алдында Байқоңыр қаласын дамыту үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттерді мен қалада қолжетімді тұрғын үй, сондай-ақ, коммерциялық тұрғын үй құрылысын салу мәселесін көтерді. Жалға беру шарты бұл мақсатқа мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың маусым айында Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі мен «Самұрық Қазына Инвест» компаниясы Байқоңыр қаласынан 130 шақырым жерде орналасатын қуаттылығы 50 МВт жаңа күн электростанциясының құрылысын қаржыландыру ниетін білдіретін құжатқа қол қойды. Онымен өндірілетін таза энергия облыс тұтынушыларына және қосымша Қызылорда қаласына бағытталатын болады.
Мемлекет басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің келісімдерінің арқасында «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруда біз елеулі жетістіктер қарсаңында тұрмыз,– деді аймақ басшысы.
Қос мемлекет экономиканың әр түрлі саласында бірлескен кәсіпорындар мен жобаларды жүзеге асыруда.