АУДАН АРДАГЕРЛЕРІ ЭКСПОҒА АТТАНДЫ
Арал қаласында аудан ардагерлерін Астанада өтіп жатқан халықаралық көрмеге шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Толқын» газеті. Шарада аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов ел ағаларына лебіз арнап, сапарларына сәттілік тіледі.
Түрлі салада қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагерлер қашанда құрметтен кенде емес. Әйтсе де олар үшін ел мәртебесін асқақтатар көрмені көзбен көру ерекше қуаныш болып отыр.
-Мен соңғы екі жылдың көлемінде Астана қаласына екінші рет ат басын тірегелі тұрмын. Былтыр тәуелсіздігіміздің тойына орай өткізілген марафонға қатысып, Астана қаласына шақырту алған болатынмын. Міне биыл көрмені өз көзімізбен көріп қайтуға мүмкіндік алдық. Мен күн санап қарышты дамып келе жатқан Астанамыздың ажары сол мен көрген бір жылдың өзінде адам танымастай өзгергеніне мол сенімдемін. Бүгінде көрме қонақтарының саны миллионнан асып кеткенінен барлығымыз хабардармыз. Сондықтан сол миллиондардың көңілінде өшпестей болып қалған әсем көріністердің куәгері боларына қуанып, көңілім алып-ұшып тұр,-дейді белгілі марафоншы ақсақал Серік Өтебәлиев.