СУАРМАЛЫ АЛҚАП ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖАЛҒАСАДЫ
Аймақта суармалы жер су инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Осы мәселе бойынша жуырда кеңес өткізілді.
Бүгінде суарылуы нашарлауына және дренаждық инфрақұрылым төмендеуіне байланысты Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің төртінші бөлігі пайдаланылмай тұр.
Біздің облыс Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан суару, дренаж және ирригациялық жүйелерін жаңғырту мәселелері стратегиялық сипаттағы мәселе және жоғары орналасқан көршілес елдердің шешімдеріне толығымен тәуелді. Бұл туралы облыс әкімі Қ. Көшербаев облыстық мәслихаттың XIV сессиясында жасаған есебінде баян етті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының екінші кезеңі (ПУИД-2) шеңберінде Жалағаш ауданындағы 15 мың гектар су-шаруашылық нысандарын паспорттау аяқталды.
–Қазір біз осы нысандарды республикалық меншікке беру бойынша және ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге шамамен 7 млрд теңге инвестиция тарту бойынша жұмыстарды қатар жүргізіп жатырмыз.
Сондай-ақ, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы гидротехникалық құрылымдардағы 29 мың га суармалы жерлерді паспорттау қатар жүргізілуде.
Бүгін осы нысандардың паспорттауын аяқтауға және әрі қарай республикалық меншікке өткізуге 208 млн теңге бөлу мәселесін Сіздердің қарауыңызға ұсынып отырмын, – деді аймақ басшысы сессияда.
Бұл бізге халықаралық қаржы институттары арқылы олардың қалпына келтіру жұмыстарына 13 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, келесі 144 мың гектар алқапта ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру үшін жобаның (ПУИД- 3) үшінші кезеңін жүзеге асыру басталады. Осы жобаның аясында Қазақстан бойынша Үкімет тарапынан 4 облыста 312 мың гектар жерді қамту жоспарланған.