ЮВЕНАЛДЫҚ СОТТЫҢ 5 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ
«Достық үйінде» Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Бала құқығы-асыл қазына» атты конференция өткізілді.
Конференция жұмысына Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев, алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен өкілдері, адвокаттар, ҮЕҰ өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев өз сөзінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот қызметінің басым бағыттарына тоқталып өтті.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Абдуллаев өткен бес жыл ішіндегі ювеналды сот қызметінің нәтижелерін қорытындылап, қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, одан әрі балалар мүддесі үшін жұмысты жетілдірудің жолдарын баяндады.
Сонымен қатар конференция барысында Қызылорда қалалық № 2 сотының төрағасы Әбу Айбек, «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігінің директоры Сәуле Әбілдаева, қалалық ІІБ ЖПҚ-ның бастығы, полиция капитаны Алмас Сыздықов, Қызылорда облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатының педагогы Гүлсім Махмутова сөз сөйледі.
Баяндамашылар қазақстандық ювеналдық сот төрелігіне халықаралық құқық нормаларының әсері, облыстағы кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сот төрелігінің қалыптасуы, бала құқығы мен оған жасалатын қамқорлық аясында пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігінің директоры Сәуле Әбілдаева халықаралық стандарттарға сәйкес балаларға арналған әділ сот жүйесін нығайтуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу мен енгізу жайлы айтып өтті.
Конференция барысында аталмыш соттың 5 жыл толуына орай «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігі әзірлеген бейнероликтер көрсетілді.