ТАУ-КЕН КЕШЕНІН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Соның алғашқысы «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішіндегі тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электр стансасының құрылысы.
Еуропалық қайта құру және Даму банкі мен «Тау-Кен Самұрық» АҚ арасында 350 млн АҚШ доллары көлемінде жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың 28 маусымдағы облысқа жұмыс сапары барысында кешенде гидрометаллургия зауыты құрылысын салудың техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша мәселе түбегейлі шешілді. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Көшербаев облыстық мәслихаттың XIV сессиясында жасаған есебінде айтты
–Биыл кәсіпорын шамамен 45 млрд теңге инвестицияны игеріп, жыл соңына дейін 200 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
2018 жылдан бастап тау-кен комбинаты 2 млн. тоннаға дейін, ал, 2019 жылдан 4 млн тоннаға дейін руда өндіре алады. Тек комбинаттың ғана пайдалануға берілуі 1500-дей жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сөйтіп, Арал ауданында химиялық кластердің, ал, Жаңақорған ауданында тау-кен дамыту кластерінің негізі құрылуда деп айтсақ болады, – деді аймақ басшысы өз есебінде.
«Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобасы да жалғасып жатыр. 2016 жылы қараша айында британдық компаниямен қара тақтатастарды автоклавтық өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жобаның ІІ және ІІІ кезеңін 125 млн АҚШ доллары мөлшерінде қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде.
Мысалға, Қазақстан қор биржасында тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысына инвестициялық қоржын қалыптастыру үшін 30 мың жай акция орналастырылды. Инвестициялар жөніндегі комитетпен бір мезгілде инвестициялық артықшылықтарды алу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айтпақшы, осы жылдың 6 айында компания Тайваньға 80 тонна аммоний метаванадатын экспорттады.