ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АЙМАҚТА 13 АДАМ СУҒА КЕТКЕН
Жыл басынан бері аймақтағы су айдындарында 13 адам суға кеткен. Олардың төртеуі балалар. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мекемесінің басшысы Б.Ембергенов пен облыстық ТЖД бас маманы А.Сермағамбетова хабарлады.
Қайғылы оқиғаның себептері ортақ – суға кеткендердің барлығы дерлік қауіпсіздік ережесін ескермеген. Сонымен қатар, өзен жағасындағы жабдықталмаған жерлерде суға түсушілер мен балаларды қараусыз қалдырудың жиілеуі қауіпті оқиғалар санын көбейтіп отыр. Жарты жыл ішінде суға кеткен 13 адамның бесеуінің балық аулап жүріп опат боғаны анықталған.
Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда суға кеткендер 22 пайызға көбейіп отыр.
Брифингте Б.Ембергенов қайғылы оқиғалардың көбеюінің тағы бірнеше себебін атады. Соның бастысы дарияға түн жамылып немесе спирттік ішімдік ішіп түсушілер болып тұр. Осыған байланысты өзен жағалауының жаңа көпір, III ірілендірілген квартал және «Мерей» шағын ауданы тұсында тұрақты кезекшілік қойылған. Сондай-ақ Қамыстыбас көліндегі жағажайлар да құтқарушылардың бақылауында тұр.
Әр сенбі сайын рейд өткізіліп, ережені ескермегендермен әңгіме өткізіледі. Мысалы, 13 шілде күні «Мерей» шағын ауданы тұсында суға түскен балалармен түсіндірме жұмыстары өткізіліп, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
А.Сермағамбетова да төтеншеліктердің қайғылы оқиғаларды болдырмау бағытындағы жұмысынан хабардар етті. Судағы қауіпсіздікті сақтау шаралары тұрғындар арасында барынша насихатталуда.