АЙМАҚТЫҢ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАРЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы өкілдерінің қатысуымен индустриалды даму бағытындағы аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында комиссия мүшелері сайлауалды бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру мақсатында облыста Индустрияландыру бағдарламасының орындалуын пысықтап, өзекті мәселелерді саралады.
- Мемлекет басшысы индустрияны цифрлық технология арқылы құруды, мобильді банкинг секілді перспективалы салаларды дамытуды тапсырды. «Нұр Отан» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында «цифрлық қоғамды» енгізуге қатысты үлкен міндеттерді көрсетіп, оны жүйелі жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан Елбасы тапсырған міндеттерді абыроймен атқаруға күш салуға тиіспіз, - деді комиссия төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Жангелді Ысқақов.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова баяндама жасады. Оның айтуынша өңірде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд.теңгеден асатын 24 жоба жүзеге асырылмақ. Олар іске қосылғанда 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Экспортқа бейімделген үшоксидты молибден өндіріс кәсіпорыны мен шыны зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Жиын барысында индустриаландырумен қатар өнімдерді экспорттау мәселесі де сөз болды. Бұрын өңірден экспортқа тұз, балық және сұйытылған газ өнімдері шығарылатын болса, биылғы жылдан бастап аймақтан глицирин қышқылы концентраты Қытай еліне экспорттала бастады. «Фирма Балауса» ЖШС аммоний өнімдерін Ұлыбританияға жөнелтуде.
Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова индустрияландыру жобаларының өнімдерін бұрын 8 елге экспортқа шығарсақ, биылдан бастап 10 елге экспорттау қолға алынғандығын атап өтті.