ТЕГІН КӘСІПТІК БІЛІМ КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ
Облыстық білім басқармасы мамандарының дерегінше 2016-2017 оқу жылында аймақтағы 31 колледжде осы мақсатта 97 мамандық, 163 біліктілік бойынша 22428 студент білім алған. Облысымызда техникалық және кәсіптік білім беруге «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-ы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, оқу орындарына тәжірибе ретінде дуальді оқыту технологиясының элементтерін енгізу бағытындағы біршама жұмыстар атқарылуда.
2017 жылы «WorldSkills Kazakstan-2017» Ұлттық чемпионатына аймақтық іріктеу байқауы 11 мамандық бойынша өткізіліп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен 3 студент, 4 жас маман, 18 колледжден 68 білім алушы қатысты. 6 мамандық бойынша байқау жеңімпаздары 3-5 мамыр аралығында Астана қаласында өткізілген республикалық байқауға қатысты.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына байланысты 2017 жылдан бастап – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жұмысшы мамандықтары бойынша жастардың техникалық және кәсіптік білімді тегін алу мүмкіндігін ұлғайту үшін бірінші кезеңде негізгі орта білім негізінде колледждерде студенттер жұмысшы мамандықтарын оқиды.
Екінші кезең шеңберінде соңғы 3 жылда жалпы білім беретін орта мектепті бітіріп, орта білімнен кейінгі және жоғарғы оқу орындарында білім алумен қамтылмаған жастарға, сонымен бірге колледждер мен ЖОО-ынан шығып қалған, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға алғашқы жұмысшы мамандығы тегін беріледі.
Қазір аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен кәсіптік білім беруге 1515 орын, қысқа курстар бойынша 1335 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері жанынан комиссия құрылып, барлық ауылдық округтерде мобильдік топтар жұмыс жасады.
Қазіргі кезде, бағдарламаға қатысатын оқу орындары мен мамандықтар тізімі әзірленіп, облыстық комиссия шешімімен бекітіліп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсынылды.