ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Осы жылғы 3 шілдеде Мемлекет басшысы жол қозғалысы саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, аталған түзетулер 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап қолданысқа енетіні белгілі.
Осыған орай, қазіргі таңда заңнамадағы жаңа өзгерістермен жұмыс жасағанда қиындықтар туындамауы үшін полиция қызметкерлері арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осындай мақсатты көздейтін семинардың бірі Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің мәжіліс залында өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда ІІД баспасөз қызметі.
Семинар-кеңеске Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының өкілі, облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік және Жергілікті полиция қызметі жетекшілері, қала және аудандық ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері қатыстырылды. Кеңес отырысын департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетов ашып, жоғарыда аталған заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізудің маңызын қысқаша баяндап берді.
Семинар барысында жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл мөлшері 5-тен 3-ке дейін айлық есептік көрсеткіш қысқартылғаны, масаң күйін куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылғаны, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде жол жүрісі қағидаларынан емтихан тапсыру жөніндегі міндеттілік және ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жолаушының көлік құралын тастап кетуіне тыйым салынатын норма алынып тасталғаны сөз болды. Сонымен қатар көлік құралын тоқтатқаннан кейін полицияның дереу жақындап келуі, өзін таныстыруы, жүргізушінің талап ету бойынша қызметтік куәлігін көрсетуі, тоқтату себебін түсіндіру бойынша міндеттері және көлік құралын тоқтатқан полиция қызметкерінің заңды талабын орындау бойынша жүргізушінің міндеті белгіленгендігі, ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекетін тіркеу үшін көлік құралын тоқтатқан жағдайда жүргізушілерге фото және бейнежазбаға жүргізу құқығы берілгендігі аталып өтілді.
Заңнамаларға енгізілген басқа өзгерістер мен толықтырулар жайлы Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Олжас Әбдіхалықов, Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы полиция капитаны Нұрсұлтан Ахметов, Әкімшілік полиция басқармасы тіркеу-емтихан жұмысы бөлімшесінің аға мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Артық Жұмаділов хабарлама жасады.