ТҰРҒЫН ҮЙДІ БАСҚАРУ ТӘЖІРИБЕСІНЕ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНАДЫ
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Қазақстан мен Өзбекстандағы тұрғын үй басқармасы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға Өзбекстан мен Гарманиядан келген серіктестер, мемлекеттік органдар, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері, Қазақстанның 14 өңірінен және Астана мен Алматы қалаларынан сервистік компаниялар мамандары қатысты.
Еске салсақ, «Атамекен» ҰКП 2017 жылдың 31 мамырында IWO-Бастамасымен «Шығыс Еуропадағы тұрғын үй шаруашылығы» (Германия) атты жобалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған еді. Аталған жобаны Еуроодақ қаржыландырады. Бұл келісім туралы Ұлттық палатаның IV Съезінде айтылды.
«Бүгінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қоғам қайраткерлері, ҚР парламентінің депутаттары ғана емес, Мемлекет басшысы назар аударып отыр. Бұл сала реформалаудың келесі кезеңі аясында мемлекеттік реттеу қағидаттарын жетілдіру нысанына айналып отыр», – деп сөз бастады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.
1997 жылдан бері тұрғын үй қорын басқару меншік иесінің қолына өтті. Қазіргі жағдай оларға білікті ұйымдастырушылардың кәсіби тәжірибесі керек екенін анық көрсетеді.
Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үй саны – 78371, олардың ішінде – 20 437 (26%) апаттық жағдайда тұр.
Бұл мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да назардан тыс қалдырмады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін сапалы модернизациялау керек. Бизнестің мәселесін шешуге, шоғырландыру, нығайту үшін және қызмет үшін негізді қалыптастыруға арнайы құрылған «Атамекен» осы бағыттағы жұмысты қарқынды жүзеге асыруды қолға алды.
Жоба бойынша ең алдымен әлеуетті қатысушылар тобын, басқарушы компания мен ПИК-тің мүмкіндіктерін зерттеу жоспарланған.
Жобаның толық мерзімі ішінде Ұлттық палата бизнеске жылжымайтын мүлікті басқаруды дұрыс әрі жоғары деңгейде басқаруға көмектесу үшін бірнеше семинар ұйымдастыруды жоспарға енгізді.
Конференция аясында германиялық серіктестер өз баяндамаларында өз елдеріндегі тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ерекшеліктер туралы, тұрғын үй басқаруындағы бизнес-делдалдық ұйымдардың қызметі қандай қағидалар негізінде құрылғаны туралы хабарлады.
«Қазақстанда жұмыс істегенімізге 10 жылдан асты. Біз Ұлттық палатадай сенімді серіктес таптық, осы арқылы тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды қолға алдық. Тұрғын үй қорын дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан орын алған мәселені шешуге әрдайым дайынбыз», – деді Германиядағы IWO компаниясының директоры Кнут Хеллер.
Ал Өзбекстандағы тұрғын үй қорына қызмет көрсететін кәсіби басқарушы ұйымдар қауымдастығының атқарушы директоры Башорат Джумаева өз елдеріндегі басқару жүйесі туралы баяндады.
IWO жобасының үйлестірушісі Йоханн Штрезе жоба аясында Германияда тәжірибе алмасу қарастырылғаны жоспарда бар екенін атап өтті.
«Біз тұрғын үйді үздік басқару тәжірибесіне байқау жариялаймыз. Оған осы саладағы көптеген қатысушылар шақырылмақ. Олардың ішінде жеке компанияларда, ПИК өкілдері де болады. Байқау жеңімпаздары Германияда білім алу мүмкіндіге ие болып, тұрғын үй басқарудағы неміс тәжірибесін игереді», – деп хабарлады Йоханн Штрезе.
Жиын барысында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы мен «Ашық тариф» қазақстандық қауымдастығының басшылары да өз ойларын ортаға салды.
Шара соңында ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов қатысушылардың қызығушылық танытқандарына алғыс білдіріп, жұмыс барысына белсенді атсалысуға шақырды.
«Бірінші кезекте нарыққа қатысып отырған тараптарды анықтап алу маңызды, орын алған мәселелерді де анықтап, жүйелеу қажет. Басқарушы компаниялар, сервистік компаниялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтар өкілдерін жобаға белсенді араласып, өз ұсыныстарын білдіруге, жұмыстың басынан бастап мәселелерді шешуге атсалуға үндеймін», – деді Елдос Рамазанов.
Palata.kz