ШЕКАРА ЗАСТАВАСЫ МЕН МЕКТЕПКЕ ЖАНҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасына және Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының қас батыры - Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.
Шекара заставасына Жанқожа батырдың есімін беру салтанатты шарасына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.
-Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел, халық алдындағы парызын адал атқарып кеткен перзенттер санатында. Озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың аңсаған арманына Елбасы бастаған бүгінгі ұрпақ – біз жеттік. Сондай-ақ, Жанқожа бабамыздың ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Күні-түні еліміздің, өңіріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген шекарашыларымызға бұл асқақ рух, айбат беріп, қайраттандырып, жігерлендіре түсері сөзсіз,-деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Сонымен бірге ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл шекарашыларды заставаға Жанқожа батырдың есімі берілуімен құттықтады.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – 18-19 ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күресінің қаһарманы. Ол – оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы.
2014 жыл Қызылорда облысының Қазалы ауданында «Жанқожа батыр жылы» деп жарияланып, халық батырының 240 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Қызылорда қаласында батырдың ескерткіші орнатылды.