БИЫЛ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ 2000 ТОННА БАҚША ӨНІМДЕРІН ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРАДЫ
Өткен жылы аймақ көптеген жылдардан бері бақша өнімдерін экспорттауды жаңғыртты, шетелге 1 мың тонна өнім жөнелтілді. Ағымдағы жылы экспортқа енді 2 мың тонна бақша өнімін шығару жоспарлануда.
Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлімдеді.
"Аграрлық секторды әртараптандыру бойынша жұмыс қатар жасалуда. Біз қазір бақша дақылдары мен майлы дақылдар, сондай-ақ, картоп пен өнеркәсіптік негіздегі көкөніс өсіруді ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз",- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Әкімнің айтуынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің негізгі үлесі ұсақ шаруашылықтарға тиесілі болғандықтан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары белсенді атқарылуда. Қазіргі таңда облыста 64 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1325 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр.
Айта кету керек, сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28%-ға, ал, балық 8 еседен жоғары өсті. Бұған қоса күріш өткізуде нарықты қайта бағыттау бойынша жұмыстар басталды, мысалы, Иранға.
" Жаңа нарыққа көшу барысында күріш шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады. АӨК саласында күріштің экспортта алар орны 44 %-ды құрайтын болады"-деп атап өтті әкім.
Ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы бәсекелестік артықшылықтарын бағалау үшін, кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Бұдан соң, облыстың әлеуетін ескере отырып, 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың «Агрокартасы» жасалды, өндірістік қуаттарды енгізудің 2017-2020 жылдарға арналған жоспары бекітілді. «Агрокартада» белгіленген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсімі 2,4 есеге немесе 213 млрд. теңгеге артатын болады, бұл ретте 2020 жылға қарай экспорт көлемін 5 еседен жоғары арттырудың әлеуетті мүмкіндігі бар.