Қ.КӨШЕРБАЕВ: "ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ"
Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша, мұнай өндіру мен өндіріс көлемін есептемегенде оң қарқын қамтамасыз етілді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
" Жалпы алғанда, жылдың бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім қамтамасыз етілді. Мұнай өндіру көрсеткішін және сәйкесінше, өнеркәсіп өндірісінің көлемін қоспағанда. Бірақ, бұл жерде объективті себеп бар – мұнай өндіру көлемінің табиғи төмендеуі. Бұл - Өздеріңізге белгілі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткішке біз ешқандай әсер ете алмаймыз. 2017 жыл болжамы - 6,8 млн.тонна, 2016 жылға қарағанда 840 мың тоннаға аз, ал, 4 жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,2 млн тоннаға төмендеген. Бұл, көршілес Ақтөбе облысының жылдық мұнай өндіру көлеміне сәйкес. Ағымдағы жыл басынан біз 450 мың тоннаны ала алмадық. Жағдай мұнайдың тұрақсыз, төмен бағасына қатысты күрделенуде",- деді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша шығынның көлемі мен мұнай саласының экономикаға ықпалын еліміздің Ұлттық қорына түсетін түсімдерге қарап-ақ пайымдауға болады. 2013 жылдың өзінде мемлекет қазынасына Қызылорда облысынан 500 млрд. теңге аударылған болса, ал, биылғы жыл басынан бар болғаны - 58 млрд.теңге.
Осыған байланысты аймақ басшылығы Үкіметтен жаңа кен орындарын барлау құқығын беретін келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту, экспортқа шығарылатын мұнай көлемін арттыру мәселелерін тездетіп қарауды сұраған болатын. Сондай-ақ, өңірдегі уран өндіру көлемін қысқартпау мәселесі де қойылды.
Айта кету керек, Қызылорда облысында мұнай қорының азаюына байланысты шикізатқа тәуелділіктен арылып, құрылыс көлемін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында өңір экономикасын әртараптандыруды көздейтін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Аймақ өңдеу өнеркәсібінің дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда, бұл облыс экономикасындағы құрылымдық өзгерістер мен әртараптандырудың қарқынын көрсетеді. Мұндай қарқынды даму инвестиция тарту, құрылыс, АӨК дамыту және әлеуметтік салада да бар.
Бүгін Қызылорда облысында облыстық мәслихаттың ХІV сессиясы өтіп, онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады