ОБЛЫСТЫҚ СОТ ПЕН АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Меморандум азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот өндірісінің қағидаларын сақтауды, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғап, дауларды сот алды, соттан тыс реттеу институттарын жан-жақты дамытуды, сот ісін жүргізуінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді.
Қамбар Нұрышев ынтымақтастық туралы құжаттың маңыздылығын сөз етіп, меморандумның партисипативті процедура тәртібінде даулардың реттелу басымдылығын насихаттауды және дауларды шешу кезінде медиацияны қолдану саласын кеңейтуді, бұқаралық ақпарат құралдарында дауларды бітімгершілікпен реттеудің мүмкіндіктері мен басымдықтарын бірлесе отырып құқықты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді нығайтатынын атап өтті.
Адвокаттар алқасының төрағасы Серікбай Шеңгелбай меморандум шеңберінде тығыз байланыста жұмыс жасауға дайын екендерін жеткізді.
Шара барысында Қызылорда облыстық сотының судьясы Светлана Жуынтаева хабарлама жасады. «Өзара жасалған Меморандум талаптарын жүзеге асыру үшін тараптар арасындағы дауды партисипативтік рәсіммен бітіруге адвокаттардың белсенділік танытуы қажет», - деді Светлана Жуынтаева.
Жиын соңында Қамбар Нұрышев ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында облыстық адвокаттар алқасында іс-шаралар өткізуді, БАҚ арқылы халыққа жете насихаттауды ұсынды.
