МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТЕМІРЖОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Мәжіліс депутаттары Қызылорда өңіріне жасаған сапары барысында Қармақшы ауданы Қорқыт ата станcасындағы теміржолшылармен кездесті.
Қорқыт ата мемориалдық кешенінде өткен кездесуге Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл, Бақытгүл Хаменова, Зәуреш Аманжолова, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық және Қармақшы аудандық филиалдарының басшылары қатысты.
Басқосуда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері сөз болды.
Халық қалаулылары теміржолшыларға маңызды құжаттардан туындайтын мақсат-міндеттерді барынша түсіндіріп, оларды жүзеге асыруда еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеу жолында экономикамыздың күретамыры теміржол саласы мамандарының үлесі қомақты екенін айтты.
- Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары құнды құжатын басты бағдарға алып, үшінші жаңғыруға қарымды қадам жасау – заман талабы, – деді өз сөзінде Бақытбек Смағұл.
Ал, Зәуреш Аманжолова Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының мүшелерінің жұмыс сапарының бірінші мақсаты – халықтың әл-ауқатымен танысып, олардың көкейлеріндегі сауалдарына жауап беру екен айтты.
- Сондықтан теміржолшылармен арнайы кездестік. Олар заңды тұрғыда шешуді қажет ететін және өздерін толғандыратын мәселелерді ортаға салды. Мәселен, жалақыны көтеру, жұмыстың ауырлығына байланысты зейнет жасын төмендету. Алдағы уақытта көтерілген осы мәселелерді тиісті органдардың қарауына ұсынамыз, — деді депутат Зәуреш Аманжолова.
Қармақшы ауданына қарасты Қорқыт ата елдімекенінде 200-дің үстінде тұрғын бар. Олардың 50 пайыздан астамы теміржол бекетінде жұмыс істейді.