КҮРЕЖОЛДА ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙМАЙ ТҰР
Жақында Youtube желісінде халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Қызылорда облысы аумағындағы бөлігінің сын көтермейтін сапасы туралы материал жарық көрді. Оның авторы, видеоблогер Азамат Ерғалиев шамадан тыс жүк артқан көліктердің көп өтетінін, көлік инспекциясы қызметкерлерінің бұған көз жұма қарайтынын көтеріпті. Кеше әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысына осы мәселе арқау болды.
Күрежолдың ең үлкен учаскесі Сыр өңіріне тиесілі, ұзындығы 800 шақырымнан асады. Осы аралықта екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Блогер қаузаған мәселені қоғамдық мониторинг тобы да зерттеп көрді. Көліктің салмағын өлшеуші таразыдағы мәліметті тіркейтін қондырғыны инспекция қызметкерлері өздері қолмен қосып-ажырататын, мәліметтерді флешкаға енгізіп отыратын боп шықты. Ал таразының жадында мәлімет толық сақталмайды. Бар болған күннің өзінде флешкадағы деректермен сәйкес келмейді. Жылжымалы бақылау бекеттеріндегі ақпараттық база тек «Beeline» интернет желісіне қосылған. Халықаралық дәліз бен басқа тас жолдардың кейбір учаскелерінде ол тартпайды. Жүргізушілер мен инспекцияның жұмысына бұл да кедергі. Автокөлікке орнатылған бейнекамерадан бөлек, қызметкерлерде бейнежетон, қол рациясы дегендер жоқ. Содан кеп жүргізушімен тікелей байланысын бақылау мүмкін емес. Қандай да бір талап бұзылған жағдайда нақты дәлел табу мұң.
Облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Пірназарова видеожазбадағы кейбір жәйттер қисынға келмейтінін айтқанымен, құқықбұзушылық атаулы азаймай отырғанын жасырмады. 2015 жылдың қарашасынан бастап бүгінгі күнге дейін көрсеткіш алдыңғы жылға қарағанда 3 есе артқан. Оның 70 пайыздайын инертті жүкті рұқсат етілген көлемнен артығымен алып жүру деректері құрайды. Осы үшін 912 құқық бұзушы әкімшілік жазаға тартылған.
– Салынған айыппұл мөлшері де еселеніп, 171,5 млн теңгеге жетті. Қазір соның 160,7 млн-ы өндірілді, – деді ол.
Көптің талқысына түскен мәселе әлі де зерттеліп-зерделенеді. Облыс бойныша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абзал Мұхимов облыс орталығы мен аудандардың, ауылдар арасындағы айқыш-ұйқыш жолдардың жағдайына, техникалық байқау мәселесіне бірлескен рейд ұйымдастыру керектігін айтты. Оған қоғамның қарапайым өкілдері де жұмыла алады.