АЛҒАШҚЫ ЛЕКТЕ 260 БИЗНЕС-ЖОБА ҚОРҒАЛДЫ
Қызылорда қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» жүзеге асыруға биыл 246 млн. теңге қаралды. Оның 210 миллионы микрокредит беруге жұмсалса, ішінара кепілдендіруге 36 млн. теңге қаралған, деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасынан.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында микрокредиттер беру үшін 2017 жылға ағымдағы трансферттер негізінде республикалық бюджеттен қосымша 83,897 млн. тенге бөлінді. Осыған орай мамыр айында облыс әкімдігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері арасында үш жақты кредиттік шарт жасалынды. Оған сәйкес облыс әкімдігі, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы және «Даму» қоры арасында Қарыз шарты жасалынып, бөлінген қаражаттар «Даму» қорына аударылды.
Бөлінген қаражаттар бұдан әрі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға микрокредит түрінде 8000 АЕК дейін (18,152 млн. теңгеге дейін) жылдық 6 пайызбен берілетін болады.
Шағын несилер алу үшін жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бағдарлама шеңберінде «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, өздерінің қаржылық сауаттылығын арттыруға тиіс.
Бұл үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасымен ағымдағы жылдың наурыз айында «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқытуға қатысатын 5 аудан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған) және қатысушылардың саны анықталып, оқу кестесі бекітілді, тестілеу нәтижесін қарау және жобаларды қорғау жөніндегі комиссия құрылды.
Бүгінгі күні «Бастау Бизнес» жобасы аясында бірінші және екінші топтан 267 қатысушылар өздерінің оқуларын аяқтап, облыстық комиссия алдында бизнес-жобаларын қорғады.