ЖАРТЫ ЖЫЛДА 37 АДАМ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы жылдың 6 айын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді.
Жарты жылда сотқа 54 адамға қатысты 30 қылмыстық іс түсіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15 іске көбейген. Осы мерзімде 24 іс арқылы 39 адамға қатысты үкім шықты.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың 6 айында қаралған істердің көрсеткіші 9 іске көбейіп отыр.
Осы мерзім аралығында 39 адам сотталды (2016 ж. - 36 адам). Сотталған 39 адамның 37-не бас бостандығынан айыру, ал екеуіне бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды.
Баспасөз конференциясында белгілі болғандай жеті сотталушыға қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу тағайындалып, төртеуіне маскүнемдіктен емдеу үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылды. 5 адам педагогиқалық және кәмелетке толмағандарға қатысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
Көрсетілген мерзім ішінде істердің қаралу мерзімі бұзылмаған. Барлық істер дыбыс-бейне жазба қоңдырғысын пайдаланып қаралған.
Баспасөз мәслихатында сот төрағасының міндетін атқарушы Асхат Сабыров БАҚ өкілдеріне адам өлтіру, зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы қылмыстық істер бойынша кеңінен айтып берді.