ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ЖҰМЫСТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Облыс әкімдігіндегі ситуациялық орталықта облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда негізінен көктемгі су тасқынын болдырмау мен кене қаупіне қарсы атқарылған жұмыстар қорытындысы талқыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетовтің айтуынша көктемге судың мол түсуінен Шардара мен Көксарай су қоймалары толып, дария арнасына секундына 1500 текшеметр су тасталды. Дер кезінде қабылданған шаралар мен жүйелі жұмыстың арқасында облыс тұрғындары қауіптен аман қалды.
Барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жедел штабтар құрылды. Дария арнасын шіреген су Жаңақорған және Шиелі ауданы аумағындағы шаруашылықаралық каналдарға жіберілді. Бөгеттердің осал тұстары нығайтылды.
Отырыста биылғы 7 облыстағы су тасқынына байланысты елімізде «2017-2020 жылдарға арналған тасқын су қаупінің алдын алу мен жоюға арналған шаралар кешені» Жол картасы қабылданғаны атап өтілді.
Облыста құрылған жұмысшы тобының аймақтағы су шаруашылығы нысандарына жүргізген зерттеуі нәтижесінде жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын қауіпті 39 участок анықталды. Алдын-ала жасалған есептер бойынша оларды нығайту үшін 500 млн. теңгеден астам қаржы қажет. Су шаруашылығы ресурстары бұл мәселені жол картасына енгізді.
Сондай-ақ, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандарында қорғаныс бөгеттерін салу жобасы да осы Жол картасына еніп отыр. Жалпы картада біздің облыстан тиісті басқармалар мен «Қазсушар» РМК жергілікті филиалы әзірлеген құны 119 млрд теңге болатын 155 жоба бар.
Облыс әкімі су тасқынына дайындық шеңберінде аудандарда оқу-жаттығу шараларын көбірек өткізуді ұсынды. Тасқынның алдын алу жұмыстарында материалдық-техникалық және қаржылық қор жеткілікті болуы ескерілгені жөн.
Кенеге қарсы жұмыстарды саралаған Серік Сермағамбетов биыл улы жәндіктің қаупі байқалған 117 елдімекен анықталғанын айтты. Бұған қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жасалған зерттеуден кейін тағы 10 елдімекен қосылды. Осы жылғы 10 сәуір мен 10 маусым аралығын қамтыған шаралар аясында 425 325 бас сиыр мен ұсақ мал дәрілеуден өткізілді.
Комиссия отырысы қорытындысында облыс басшысы тиісті құрылым жетекшілері мен аудан әкімдеріне мәселеге орай бірқатар тапсырмалар берді.