ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл, Зәуреш Аманжолова және Бақытгүл Хаменовалар жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Халық қалаулылары «РЗА» акционерлік қоғамында болып, жаңадан салынып жатқан аудандық аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Кездесулерде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да басты тақырыптар қатарынан табылды. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу заңдарына өзерістер енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
«РЗА» АҚ Сыр аймағындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы, жеке темір жол тұйықтары мен жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері бар бірден-бір мекеме. «РЗА» АҚ-ның негізгі саласы – құрылыс-монтаж жұмыстарын атқару болғанымен, қазіргі нарықтық қатынастар талабына сай ауыл шаруашылығы саласымен, яғни дәнді дақылдар егу және төрт түлік мал өсіріп, өнімдерін өндіріп, өңдеп, тұтынушыларға ұсынуда айтарлықтай істер атқарып келеді.
Халық қалаулылары алдымен «РЗА» акционерлік қоғамына қарасты «Рза – Асыл түлік» ЖШС-дағы жұмыстармен танысты.
Акционерлік қоғам басшысы С.Имандосов құрметті қонақтарға серіктестікке 2010 жылы Венгриядан 650 бас сүт бағытындағы голштино-фриз сиыры әкелінгенін жеткізді. Мұнда барлығы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.
Түстен кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл, З.Аманжолова, Б.Хаменова «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалында азаматтарды қабылдады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.