ӨНЕГЕЛІ ӨМІР, ӨРІСТІ ӨНЕР
Қазалыда сүбелі сөзді жанына серік еткен талантты ақын, сатирик, ұлағатты ұстаз Файзолла Омаровтың шығармашылығы мен өнегелі өмірін арқау еткен кеш өтті.
«Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Раиса Тасыбаева, ақынның жұбайы, ардагер-ұстаз Күнімхан Панабекқызы, ақынның ұстазы Күлмараш Өтепбергенова, әріптесі Қадырбек Бекетов, шәкірттері Сағира Кемалова, Мұңсызбай Әбубәкір, Жұмабек Қалмақов, Тамаша Мұратбаева мен кітапхана оқырмандары естелік айтты. Ұлағатты ұстаздың оқушысы Таня Оспанова мен жерлесі Құралай Асаубаева, №266 мектеп-лицейдің оқушысы Данияр Әбілқасым кешті әнмен әрлеп, сәнін келтірсе, №170 орта мектептің оқушылары оқыған ақынның өлеңдері терең иірімдерге жетеледі.
Тағылымды да, мағыналы өмір сүріп, қырық екі жыл бойы ұстаздық қызметтен қол үзбей жүріп, соңына «Таланттар елінде», «Бөгеннен ұшқын бұлбұл», «Шырқа, Шамшат», «Жанқожа», «Ақын тағдыры» повестері мен «Желтоқсан», «Даулы бала», «Ақтан батыр», «Нәубет науқаны», «Алты Кішкене», «Кенесары-Сыпатай» дастандарын қалдырған сан қырлы саңлақ Файзолла Омаровтың шығармалары мерзімді баспасөз беттерінен бөлек «Оңтүстіктен ескен жел» «Сыр бойында», «Қазағым менің осындай» жинақтарында жарық көрген.
Шарада «Өнегелі өмір, өрісті өнер» атты тақырыптық слайд көрсетіліп, «Жан жырлары – болмыс сырлары» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Кеш иесінің жары Күнімхан Панабекқызы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, кітапхана ұжымы мен белсенді қатысушыларға ақынның жыр жинағын табыс етті.
Еске алу кешін қорытындылаған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Әбілқасымқызы барша оқырмандарға жылы лебізін білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.