МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
«Нұр Отан» партиясының Арал аудандық филиалында «EXPO 2017 көрмесі – елдіктің ерен жеңісі» тақырыбында пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Шараға ауданға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Абзал Ералиев пен Геннадий Шиповских қатысты.
Жиылғандар Астана төрінде бастау алған ЭКСПО көрмесінің экономикалық тиімділігі мен маңыздылығын талқылады.
–«EXPO – 2017» көрмесі бізге көп мүмкіндік береді. Көрме арқылы Қазақстан әлемге тағы жаңа қырынан танылды. Бүгінде жыл сайын ел экономикасына 20 млрд. долларға жуық инвестиция тартылуда. Халықралық көрмеден кейін оның ағыны ұлғая түседі - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Ералиев.
Геннадий Шиповских ЭКСПО көрмесінің елдің индустриалды-инновациялық дамуына қосар үлесіне тоқталып, кәсіпкерлер үшін бизнесті өркендетуге таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.
Сапар аясында Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында жергілікті тұрғындарды қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.