«ДЕНСАУЛЫҚ» ПОЙЫЗЫ ТӨРЕТАМДА БОЛДЫ
Тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету мақсатында ел аралап жүрген «Денсаулық» медициналық пойызы Төретамға жетті.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Әнуар Дәуленбаев медициналық пойыз ұжымына жергілікті тұрғындар атынан лебізін білдірді.
«Денсаулық» медициналық пойызы тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетумен қатар медициналық сақтандырудың артықшылықтары мен оны енгізу сондай-ақ сақтандыру жарнасын төлеу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шараларын да жүргізді.
Халықпен кездесу барысында «Денсаулық» медициналық пойызының аға дәрігері Еркін Ескермесов МӘМС жұмысының маңызы, әлеуметтік топтар, төленетін жарналарға қатысты тұрғындар сауалдарына жауап берді.
-1 шілдеден бастап жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жарнасын төлеп бастады. Биыл бұл жарнаның көлемі төлемдерді аудару нысанынан 1% құрап отыр. Жаңа заң аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін (оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары) 3,75%, мөлшерде жарна белгілеуді ұсынып отыр. Ал жұмыс істейтін азаматтар жарналарды өздері төлеуі тиіс. Сондықтан қазірден бастап әрбір азамат медициналық мекемеге тіркеліп, өз мәртебесін анықтауы қажет,- деді ол.
Кездесу барысында тұрғындарға МӘМС жүйесі туралы ақпараттық түсіндірмелік парақшалар таратылды.