ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІН 20 МЫҢ ТЕҢГЕ ҮШІН ӨЛТІРДІ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 25 жастағы сотталушыға қатысты қылмыстық ісін қарап, айыптау үкімін жариялады.
Сотталушы Е. барлық ақшасын компьютер клубына жұмсап, ақшасы таусылған соң ақша табудың жолын іздейді. Сөйтіп, ұялы телефон арқылы «Делюкс» такси фирмасына тапсырыс беріп, операторға жүргізушіде 20 000 теңгеге қайтаратын ақша болуы керектігін ескертеді. Тапсырыс берген жерге такси келген соң, сотталушы артқы жолаушы орындығына отырып, өзінің сенімді жолаушы екенін көрсету мақсатында бірнеше жерге баратынын айтып, қаланы 3 сағат бойы айналып жүреді. Өзінің ойындағы қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында жүргізушіге қараңғы көшеге бұрылуын сұрап, көп ұзамай тоқтауын өтінеді. Аталған жерге келген соң, сотталушы такси жүргізушісінің желкесінен тапаншасымен екі мәрте атып, таксистің қалтасынан 20 000 теңге алып, мәйітін артқы орындыққа ауыстырып, көлікті өзі айдап кетеді. Тұрлығұлов көшесіне келген соң, бөтеннің мүлкін жою мақсатында, мәйіт жатқан көлікке өртеп, оқиға орнынан кетіп қалған.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы Е. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен (пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру), 192-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен (қаруды пайдалану арқылы жасалған қарақшылық), 202-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.