МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІ МАҢЫЗДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, күн тәртібіне алты мәселе қойылды. Мәжілісте алдымен 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған инвестициялық жобалардың жайы қаралды. Бүгінде аталған жылдарға облыс бойынша 72 инвестициялық жоба ұсынылған.
– Бұлардың ішінде құны 18,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба алдын ала қолдау тауып отыр. Оның ішінде білім басқармасы бойынша – 10, денсаулық саласы бойынша – 1, энергетика тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша 6 жоба енді. Сәулет және қала құрылысы басқарамасына тиісті 10 жоба да оң бағаланды,– деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова.
Сонымен қатар, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автокөлік жолдары салалары бойынша мемлекеттік сараптамадан өткізілген жобалық-сметалық құжаттамалары бар инвестициялық жобаларға талдау жүргізілген. Нәтижесінде облыс бойынша пайдалану мерзімі биыл аяқталатын жалпы құны 12,8 млрд теңге құрайтын 33 жоба анықталды. Мәжілісте 2017 жылы іске қосылатын нысандардың құрылысы жайлы да айтылды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковтің айтуынша, қазіргі таңда аталған басқарма арқылы 54 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 23-і өткен жылдан өтпелі болса, 31-нің құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 26 әлеуметтік ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалғанының құрылысы келер жылы жалғасады. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджеттен 5,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде Ұлттық қордан 4,4 млрд, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бағытталған. Бүгінде облыста жалпы ауданы 141,3 мың шаршы метрді құрайтын 41 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі – азық-түлік бағасы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов аталған маңызды мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылданып, жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Азық-түлік тауарларының 1 шілдедегі тұтыну бағаларының жыл басымен салыстырғандағы индексі 104,3 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен 0,8 пайызға төмен қалыптасты. Жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ішінде 8 өнім бойынша баға қымбаттаған еді. Ол тауарлар – макарон өнімдері, сары май, сиыр еті, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант. Ал үш өнімнің – қарақұмық жармасы, өсімдік майы, жұмыртқа бағасы төмендеді. Биылғы сатылымда бағаның күрт қымбаттағаны картоп және көкөніс өнімдерінде байқалды. Статистика департаменті апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізуде, – деді ол.
Бағаны тұрақтандыруға байланысты тиісті шаралар қабылданып келеді. Осы бағытта тізім бойынша өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтерінен 50 тонна сиыр етін сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, бекітілген кестеге сәйкес бүгінгі күні тұрақтандыру қорына 1544 тонна көлемінде жалпы құны 154,5 млн теңгенің тауарын жеткізу бойынша келісім-шарт жасалды. Өнімдерді тасымалдау жұмыстары басталып кетті. Басқарма басшысының мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан облысынан 40 тонна жаңа картоп өнімі жеткізіліп, бөлшек саудада келісін 120 теңгеден сату ұйымдастырылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде картоп өнімінің бағасы өткен аптамен салыстырғанда 5,6 пайызға төмендеді. Келісім-шартқа сәйкес мамыр айынан бастап бүгінге дейін 75 тонна картоп, 35 тонна сәбіз, 60 тонна басты пияз, 60 тонна қырыққабат, қызылша, 45 тонна жеміс-жидек, 60 тонна қияр мен қызанақ және 15 тонна сиыр еті жеткізілді. Сонымен бірге, аталған мәселеге қатысты «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан да нақты шаралар атқарылуда. Өңірлік азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына 2011 жылдан бастап бүгінге дейін 3 313,8 млн теңгеге азық-түлік өнімдері сатып алынған. Қазіргі таңда, тұрақтандыру қорында жалпы құны 207,3 млн теңгенің 1 753,6 тонна өнімі бар. Аталған өнімдер тікелей қоймадан және қаланың шағын аудандарында орналасқан 14 әлеуметтік дүкен мен аудан орталықтарындағы ашылған әлеуметтік дүкен арқылы өткізілуде. Жыл басынан бері 223,9 млн теңгенің өнімі сатылған.
Мәжілісте қаралған кезекті мәселе өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылуына байланысты болды. Статистика департаменті мәліметіне сәйкес Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде 14 пен 29 жас аралығында 201 347 азамат тіркелген. Жастар өңірдегі жалпы халықтың 26,7 пайызын құраса, оның ішінде қала жастары – 41, ауыл жастары 58 пайызға жуықтайды. Жастар арасындағы өзекті мәселе – жұмыссыздық деңгейі де төмендеп келеді. Бұл 3,2 пайызды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға азайып отыр.
– Биылғы жылдың қаңтарынан жастар саясаты мәселелері басқармасы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. 2013 жылдан бастапкөшпелі отырыстар тәжірибеге енгізілді. Ірі кәсіпорындарда және компанияларда жастармен жұмыс күшейтілді. Әртүрлі меншіктегі кәсіпорында рмен мекемелерде –15, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 34 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс атқаруда. Жастар саясатын қолдау мақсатындағы қаржы көлемі де былтырғымен салыстырғанда биыл 40 пайызға артып отыр, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев өз баяндамасында.
Жастардың білімге қолжетімділігі қашан да басты назарда болуы қажет. Осы орайда өңірдегі жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар кейінгі буынның маңызды мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде облыстан 3000-нан аса студент «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша жолдама алып, білімін жетілдіруде. Сонымен қатар, Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде Мәскеу және Санкт-Петербургтің беделді жоғары оқу орындарында 419 түлек білімін жалғастырып жатыр. Ал 2013 жылдан бері облыс әкімінің бастамасымен халықтың осал тобынан шыққан 512 студентке облыс әкімінің білім гранты тағайындалды. Аймақ басшысы бұл сала бойынша NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту және іс-шара жоспарын іске асыруды жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев елді мекендердегі санитарлық тазалық және көркейту жұмыстары туралы хабарлады. Маусымдық кезеңде ұйымдастырылған сенбіліктерге жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік мекемелер қатысып, апта сайын барлығы 40 мыңнан астам адам мен 400-ге жуық техника жұмылдырылған. Сенбілік науқанында қала көлемінде жыл сайынғы дәстүрлі «Көктемгі ағаш отырғызу» акциясы өткізіліп, 6000 ағаш отырғызылған. Бұдан бөлек, өңірді жасыл желекке, әрі көркейген аймаққа айналдыру мақсатында 13500 көшет егілді.
Мәжілісте облыс әкімі Қ.Көшербаев сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Биылға жоспарланған құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуы бақыланып, сол жағалаудағы нысандардың құрылысын уақытылы аяқтау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, 2018-2020 жылдарға арналған жобалардың жоспарын осы шілде айында толық бітіру міндеттелді. Бұдан басқа баға тұрақтылығы мен жастар мәселесіне қатысты тапсырмалар берілді.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ