ЖАНҚОЖА АУЫЛЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Бұқаралық спортты дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте ірі қалалармен қатар шағын ауыл тұрғындарының да спортпен айналысуына баса мән берілуде.
Қазалы ауданындағы тіректі ауыл санатына жататын Жанқожа батыр аулында спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысанды бастауға бюджеттен 50 млн теңге бөлініпті. Тоқсан адамға арналған кешен келер жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс басында осы ауылдың оншақты тұрғыны жұмыспен қамтылған.
Алдағы уақытта бұл кешенде спорттың бокс, қазақша күрес, баскетбол, волейбол, кіші футбол секілді түрлері жұмыс жасап, ауыл қаракөздерін сайыстың сан түріне баулиды деп күтілуде.
– Осы уақытқа дейін де ауылда көптеген жаңа нысан бой түзеген еді. Ал мына спорт кешенінің орны бөлек болғалы тұр. Жаңа нысан ауыл жастарының талабын ұштап, ел ішінен болашақ чемпиондар шығады деп ойлаймын, – дейді ауыл тұрғыны Қартбай Шатаев.