ЖЫЛУМЕН ҚАМТУДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС БАР
Биыл облыстық бюджеттен аймақ тұрғындарын жылумен жабдықтауға 649,128 млн.теңге бөлінді, деп хабарлайды облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары.
Бұл бағытта қазір жылу желілерін жаңғыртуға арналған 9 жоба мен «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын жылумен қамтудың (І-кезең)» жоба-сметалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптамадан өткізуге әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыс орталығын жылумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салу және қайта жаңғырту үшін жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарындағы әлеуметтік нысандарының 32 жылу қазандықтарын газ отынына қайта жабдықтау жұмыстарына 168,779 млн. теңге бөлінді. Бүгінде Жаңақорған және Қазалы аудандарындағы 7 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды.
Қызылорда қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бу қазандығын қайта жаңғырту, Қызылорда қаласы Талсуат елді-мекені оңалту орталығының қазандығын газға ауыстыру, Қызылорда қаласындағы №3 қалалық емханасы ғимаратын газдандыру жұмыстарына 175,471 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарын жасауға мемлекеттік сатып алу тәсілі арқылы конкурстық жұмыстар жүргізілуде.
Келер жылы Қызылорда қаласындағы жылу желілерін жаңғырту және кеңейтуге арналған жаопы құны 4,2 млрд.теңге болатын 8 жобаны "Өңірлерді дамыту-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландыру үшін ҚР Индустриялық даму министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылды.