ШИЕЛІДЕ КҮНІНЕ 10 МЫҢ ДАНА ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРІЛУДЕ
Шиелі ауданындағы «Шиелі құс» фермасы алғашқы өнімдерін бере бастады. Бүгінде құс фермасында күніне он мың дана жұмыртқа өндіріледі. Игі істі аудан тұрғыны Насырбек Мырзабеков қолға алған.
Он бір мыңнан астам қанаттыны күтімге алған ферманың құрал-жабдықтары Қытай мемлекетінен арнайы тапсырыспен әкелініпті.
Жалпы бұл жоба құс өсіру бағытындағы ірі бастаманың бірі. Аудандағы құс шаруашылығының жолға қойылуы аймақтағы нарық бағасының арзандауына себеп болып отыр. Бүгінде жергілікті жерде өндірілген өнім базарлар мен сауда орындарында 15 теңгеден сатылуда.
«Мөлдір және К» ЖШС директоры Насырбек Мырзабековтің айтуынша Қытайдың Чжонджу қаласындағы құс фермасына арналған құрал-жабдықтар сататын компаниямен келісім-шарт жасалған.
– Былтыр қараша айында сол компанияның өкілдері келіп барлығын орнатып, түсіндіріп кетті. Хайсекс Браун деп аталатын түрінен балапандарды «Шымкент құс» фабрикасынан сатып алдық. Құстар мамыр айынан бастап жұмыртқалай бастады. Қанаттыларға арнайы әзірленген құнарлы жем беріледі. Фермада 7 адам жұмыспен қамтылған, - дейді серіктестік басшысы.
kyzylordatv.kz