ӨЛІМ АЛДЫНДАҒЫ ТІКЕЛЕЙ ТРАНСЛЯЦИЯ
Чехиялық екі бойжеткен Facebook желісінде тікелей эфирге шығып отырған сәтінде көлік апатына ұшыраған. Бұл видео YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлайды РИА Новости.
Видеодан қыздардың көлігі жоғары жылдамдықпен келе жатқаны байқалады. Апат болған сәтте түсіріп отырған қыз шыңғырып, телефонды қолынан түсіріп алады.
The Mirror-дың мәліметінше трансляцияны Николь Барабасова атты бойжеткен жүргізіп отырған, көлік рулінде оның құрбысы болыпты. Обрнице елдімекеніне бағыт алған қыздардың көлігі жол жиегіндегі дыбыс тұншықтырғыш қабырғаға соғылады. Сол сәтте көліктің спидометрі сағатына 120 шақырымды көрсетіп тұрса керек.
Басылымның жазуынша Николь Барабасова оқиға орында қайтыс болса, оның көлік руліндегі құрбысы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.