ЖАҢА ЖОБА ТАЛАНТТАРДЫ ТАНЫТТЫ
Бүгінде аймақ өнерін өрістету бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Соның бірі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы бірлесе өткізген «Мен – қазақпын» атты телевизиялық мега жобаның облыстық іріктеу кезеңі.
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеуді мақсат еткен байқауға аудандарда іріктеуден өткен 28 өнерпаз қатысты. Кілең жүйрік жарысқан өнер сайсында «Үздік аймақтық күйші» номинациясын С.Ділдабаев иеленсе, «Үздік аймақтық дәстүрлі әнші» номинациясына З.Баймұрзаева лайық деп табылды. Ал М. Сүгірбай «Үздік аймақтық жыршы-термеші» атанды. Үздіктер республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды.
Сондай-ақ, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен көпшілікке танылмай жүрген кино-фото түсірушілердің шығармашылығын дамыту мақсатында әуесқой кино түсірушілер мен фотосуретшілердің облыстық байқауы болып өтті.