ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАҒЫ БІР АЛАЯҚ ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ
Қызылорда полицейлері алаяқтықпен жұрттың 1 миллион 520 мың теңгесін иемденіп кеткен қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ОІІД баспасөз қызметі. Қырық бір жастағы алаяқ өзіне сенгендерден «қала орталығындағы сауда үйлерінен орын алып беремін» деген желеумен ақша жинап отырған.
Оның үстінен төрт жәбірленуші ішкі істер органдарына 2017 жылдың 5 шілдесінде шағымданыпты. Алаяқтық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тергеу жұмыстары барысында күдікті 2014 жылы арызданушылардың сеніміне кіріп, бірінің 500 мың, енді бірінің 460 мың, тағы екеуінің 200 мың және 360 мың теңге ақшаларын алғандығы анықталды. Алайда берген уәдесін де орындамаған, ақшаларын да қайтармаған.
Қазіргі таңда күдікті қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдіктінің іс-әрекетінен зардап шеккен өзге де тұрғындарды анықтау бағытында жұмыстар жасалуда.