РЕФОРМА САЛАҒА СЕРПІН БЕРДІ
Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған "100 нақты қадам" іс-шаралар жоспарында еліміздегі энергетика саласын жандандыру қарастырылғаны белгілі.
Осыған байланысты аймақта аудандарды электр энергиясымен жабдықтауда әкімшілік-шаруашылық шығындарды азайту арқылы бағасын төмендету, өндірістік шығындарды оңтайландыру, инвестиция салу және ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсарту бағытында біраз шаруа атқарылды.
51 қадам талабына сәйкес іске облысымыздың электр желілеріне толық түгендеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған иесіз электр нысандарының техникалық құжаттары әзірленді. Он алты мекеме балансында тұрған энергетикалық активтер нақтыланып (ұзындығы 4120,5 шақырым электр желісі мен барлық кернеудегі 1794 трансформаторлық қосалқы станса), облыстағы негізгі энергия таратушы «ҚЭТТК» АҚ-ның теңгеріміне беру жөнінде министрліктермен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аталған энергия таратушы кәсіпорындарды біріктіру өз кезегінде тұтынушыларды сапалы, сенімді әрі арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.