ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙ ҚОРЫ 436 ЭКСПОНАТПЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ
Облыс музейлерінің қорында барлығы 127807 экспонат бар. Қызылорда облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында арналған есептік мәліметтеріне сәйкес облыс музейлері бойынша 1665 экспонат жинақталып, оның ішінде облыстық музей қоры 436 экспонатпен толықтырылды.
Есепті мерзімде облыс музейлерінде 4636 экскурсия жүргізіліп,340 лекция, 294 көрме ұйымдастырылды. Оған келушілер 63971 адамды құрады.
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, насихаттау және сақтау мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде тарих және мәдениет ескерткіштерінің жәй-күйі, олардың сақталу жайы, өңірдегі археологиялық зерттеулердің барысы талқыланды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде жылда 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні – 2017» атты мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Биыл ұйымдастырушылар келушілерге 20-ға жуық шара ұсынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемді мақаласынан туындайтын «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалары аясында өңіріміздегі археологиялық және киелі орындарды насихаттау мақсатында «Казконтент» АҚ, «Хабар», «Қазақстан» РТРК, «Қазақстан-Қызылорда» телеарналарында арнайы бағдарламалар берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары басталып, зерттеулер жүргізілуде.
ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Сығанақ қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының барысымен танысты.
Есепті мерзім ішінде облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссияның 4 отырысы өткізілді. Онда монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнатуға, тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне толықтыруға келісім беру мәселелері қаралды.