Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ДРАМА ТЕАТРЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 6 айдың жұмысын қорытындылады. Басқарма басшылығы облыстағы мәдениет және өнер мекемелерінің 2017 жылдың I жартыжылдығында атқарған жұмыстары жөнінде толық мағлұмат беріп, ІІІ тоқсанындағы міндеттерімен таныстырды.
Есептік көрсеткіштер бойынша облыста 171 мәдениет үйлері мен клубтары, 209 кітапхана, 12 музей, 11 архив, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, 1 қалалық демалыс паркі – барлығы 408 мәдениет және өнер мекемелері халыққа қызмет көрсетеді.
2017 жылдың І жартыжылдығында облыстық мәдениет және өнер мекемелері мен архив саласы бойынша облыстық бюджеттен 1 269 497,9 мың теңге қаржы бөлініп, қаржылық жоспар 100 пайызға орындалды.
2017 жылы облыстық бюджеттен 3 сала нысанына (Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының кинобейне қызметін көрсету бөлімі ғимараты және Жалағаш аудандық архиві) және аудандық бюджеттерден 3 клубтың күрделі жөндеу жұмыстарына (Сырдария ауданы Жетікөл ауылдық клубы, Шиелі ауданы Жөлек ауылдық мәдениет үйі, Жалағаш аудандық мәдениет үйінің шатырына) қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестріне музыкалық аспаптар, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығына дыбыс күшейткіш және жарық беру аппаратуралары алынды. Сондай-ақ, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылып, мүгедектерге арналған жоғары қабатқа көтерілетін баспалдақ алынды.