ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ БАҒЫНБАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ВИДЕОСЫ СОТҚА ЖІБЕРІЛДІ
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қала көшесінде жол тәртібін бұзып, полицейлерге бағынбаған жастардың видеосын мұқият тексеріп, сотқа жолдады. Бұл туралы https://tengrinews.kz/ хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше инстаграмның /majorka.kaz/ және /eap_kz/ парақшаларында қала көшелеріндегі қымбат көлік мінген жастардың жол тәртібін өрескел бұзғандығы жайлы видео жарияланған еді. Кортеж құрамындағы бұл көліктердің жолаушылары терезеден басын шығарып, басқа көліктерге кедергі келтірген. Біреуінің тіпті қарсы бағытқа шығып кеткені көрінеді. Жол ережесін өрескел бұзған осы Toyota Land Cruiser полицей көлігімен бетпе-бет келіп қалады. Джиптің алдында отырған жолаушы тәртіп сақшыларынан жолды босатуды талап етіп, дөрекі сөйлейді.
"Lexus маркалы көлік жүргізушісіне әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 3 бабы бойынша протокол толтырылды. Ол қарсы бағытқа шығып кеткендігі, полицияның заңды талабына бағынбағаны және қауіпсіздік белдігін тағынбағаны үшін айыппұл төлейді. Қазір іс сотқа жөнелтілді", - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.