ЕЛІМНІҢ ЖҮРЕГІ - АСТАНА
Халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғырына, бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналған Сарыарқаның төріндегі Астанамыз - бүгінде алты Алаштың ардағы, жаңа ғасырдың жаңа қаласы.
Астананың 19 жылдығына арналған «Елімнің жүрегі – Астана» атты мерекелік думан Жалағаш кентіндегі орталық алаңда бар сән-салтанатымен аталып өтті. Аудан қонақтары мен тұрғындарын айтулы мерекемен аудан басшысы Т.Дүйсебаев құттықтады.
- Сарыарқа төсінде орналасқан сұлу да, әсем Елордамыз – Астана қаласы Тәуелсіздігіміздің тірегі, еркін мұратымыздың елтаңбасы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың батыл ойлары мен қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде Астанамыз әлемге танылуда. Оған дәлел, әлемдік деңгейдегі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Халықаралық көрме елорда тарихының ғажап естелігі болып қалары сөзсіз – деген Талғат Тұрсынұлы елордамыздың еңсесі биіктей беруіне тілек білдірді.
Мерейлі мереке аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Шарада «Жалағаш құрамасы» жайдарман тобы өнерлерін ортаға салса, еліміздің жүрегі - Астана қаласына арнап шырқалған әсем әуендер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.