СПОРТПЕН ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ШҰҒЫЛДАНУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТҚАН
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше бұқаралық спортқа ден қойғандардың қатары 26,4 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетіп отыр.
Аймақта дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші ол – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн. теңге бөлініп, 133 елді мекенде 270 спорт нұсқаушысы 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 764 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 182 485 адам қатысты.
Биылғы жартыжылдықта ауыр атлетика, грепплинг, панкратион, волейбол, қазақ күресі, гандбол, мәнерлеп сырғанау, велоспорт, тоғызқұмалақ, грек-рим, шахматтан ел чемпионаттары ұйымдастырылып, 2 халықаралық турнир, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында 13 біріншілік өткізілді.