«СЫР МЕЙІРІМІ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫН ӨТКІЗДІ
«Сыр мейірімі» қоғамдық қоры Астана күніне орай әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға мерекелік дастархан жайды.
Қордың атқарушы директоры Сапура Әбдірахимованың айтуынша қайрымдылық түстігіне 100-ден астам адам келген.
- Біз Наурыз мейрамы, Жаңа жыл қарсаңында қайырымдылық шара жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Осы арқылы тіршіліктің қиындығын тартқан жандардың көңілін сәл де болса серпілткіміз келеді, – дейді Сапура Зайтжанқызы.
Бұл күні қайырымдылық түстігіне ересектермен бірге балалар да келді. Олар концерттік нөмір қойып, көптің алғысын алды.
Дастархан басына жиналғандар өздерін қайырымдылықтан қағажу қалдырмаған «Сыр мейірімі» қорына алғыстарын жеткізді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Шәризат Алмашева қор қызметкерлеріне басқарма басшысының алғыс хатын тапсырып, әлеуметтік саладағы игі істеріне ризашылығын жеткізді.