ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 20 СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НЫСАНЫ САЛЫНАДЫ
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының Қызылорда облысынан өтетін аумағында сервистік қызмет көрсету дамып келеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша бүгінгі күні күре жол бойында 16 нысан пайдалануға беріліп, 546 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл мақсатта тартылған инвестицияның жалпы сомасы 3 млрд. 411 млн. теңгеге жетті.
Қазір Арал ауданында 2, Қармақшы ауданында 3, Сырдарияда 2, Қызылордада 4, Шиелі ауданында 1, Жаңақорған ауданында 4 нысан халықаралық күре жол жолаушылары үшін қызмет көрсетіп отыр.
Басқарма басшысының айтуынша жыл соңына дейін жалпы құны 5 млрд. 129 млн. теңге болатын тағы 20 нысан іске қосылатын болады.