«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев партия ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық қабылдауға Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылының тұрғыны Қаракөз Әбетова науқас балаларын Астана және Алматы қаласына апарып емдету үшін қаржылай көмек сұрап келіпті. Өзі Шіркейлі ауылындағы №129 орта мектеп мұғалімі. Екі баласы мүгедек. Жұмыссыз жолдасы үйде балалар күтімімен отыр екен. Мүмкіндігі шектелуі және әлеуметтік мәселелер кезек күттірмей орындалау қажеттігін алға тарқан облыстық партия филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев мәселені «Қызылорда игілігі» корпоративтік қоры арқылы шешіп беруге ықпал жасады.
Баян Тәжімұратова есімді қала тұрғыны аймағымызда сирек кездесетін «Целиакия» дертіне шалдыққан балалар санының көбейіп келе жатқандығын айтып, осы балалар үшін, облыс орталығының сауда нысандарының бірінде арнайы диеталық тағамдар бөлімінің ашылуына ықпал жасалуын сұрады. Облыстық партия филиялының төрағасы Қ.Көшербаев аталған мәселені оң шешілуін қала кәсіпкерлері арқылы қамтамасыз етуді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовқа тапсырды.
Қоғамдық қабылдауға келген келесі азамат - ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, облыстық Кеңес депутаты, Қызылорда облыстық партия комитетінің мүшесі болған, атақты күрішші Бибіжамал Қонысова. Еңбек ардагері 2005 жылы тұрғын үй кезегіне тіркеліп, қазір халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша кезекте 78-ші болып тұр. «Үй қашан және қай жерден берілетіндігін білу мақсатында келдім» дейді ардагер.
Қырымбек Көшербаев ең алдымен еңбек ардагеріне елге жасаған еңбегі үшін үлкен ризашылық білдірді. Сонан соң жыл аяғында кезекте тұрған отбасыларға 160 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырғандығын жеткізіп, мәселені заңдылықтарға сәйкес шешуді қала басшылығына тапсырды.
Аймақ басшысының қабылдауына алғыс айтып келген азаматтар да болды. Солардың бірі қала тұрғыны Гүлдерай Қожағалиева. Ол филиал төрағасына Қызылорда қаласы №6 есту қабілеті бұзылған мектеп – интернатының 8 сыныбында оқитын немересі Оралбай Айдананың партия қолдауымен ағымдағы жылы 26 – 31 мамыр күндері Санкт – Петербург қаласында мүмкіндігі шектеулі балғындар арасында ұйымдастырылған «Шаг навстречу!» халықаралық фестиваліне қатысып І орынды иемденіп келген айтып, байқау ұйымдастырушыларының «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына жолдаған Алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде Айдананы жеңісімен құттықтаған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «Нұр Отан» партиясы өнерлі, білімді, талантты балғындарды қашанда қолдауға дайын екенін айтты.
Қабылдау барысында ата-анасының қайтыс болуына байланысты немересін өз қамқорлығына алған қарт ана Наталья Жихареваның да мәселесі оң шешілді. Ол облыстық партия филиалы төрағасынан Қызылорда қаласындағы қазақ гуманитарлық техникалық заң колледжінде «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша ақылы негізде оқитын немересі Роман Курыновтың бір жылдық оқу ақысын төлеп беруге көмек сұрған болатын.