ТАЛАНТЫН ТАЛАБЫМЕН ҰШТАСТЫРҒАН
Кейде қаражатсыз кәсіп бастауды мүмкін еместей көретініміз рас. Сондықтан да ел ішінде жұмыс таппаған жандардың аузынан «Қызмет жоқ. Кәсіп бастайық десек қаражат керек» деген әңгімелерді көп естиміз. Осы тұрғыда ауыл-аймақтарда да ақшасыз, өзінің өнері арқылы кәсібін дөңгелеткен жандар бар екен. Атап айтсақ, солардың бірі қожабақылық Ақзия Жақашова.
Бала кезінен ісмерлікті жанына серік еткен оны киізден түрлі бұйымдар жасаудың шебері десек болатындай. Қазірдің өзінде Ақзияның қолынан шыққан туындылар түрлі көрмелердің көркі болып жүр.
– Өзім Маңғыстау өңірінің тумасымын. Қожабақы ауылына келін болып түстім. Бұл жақта да үйде қарап отырмай, қолымнан келетін іспен шұғылдануды керек деп таптым. Көбіне түрлі ою-өрнектерді киізбен байланыстырып, әйел адамдарға сөмкелер, әмияндар, ұзатылатын қыздарға жасау, аттың жабуларын, түрлі сыйлықтар жасаймын.
Мәселен, бір аптада бір сөмке жасауға болады. Олардың бағасы да мың теңге мен 6-7 мыңға дейін жетеді. Бір сөмке сатсам одан түскен қаражатқа тағы да екі-үшеуін жасауға тырысамын.Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтсем деген жоспарым да жоқ емес. Жалпы, жұмысыма отбасым үнемі қолдау білдіріп отырады. Бұйырғанына қарай табыс табамын, – дейді жас ісмер.
Сондай-ақ, бір білгеніміз Ақзия гобилен мен кілем тоқуды да үйреншікті ісіне айналдырған. Сурет өнерінің де қыр-сырын тамаша меңгерген.
Иә, мемлекеттің көмегіне сүйенбей, өз ісін дөңгелеткісі келетін ибалы келіннің мақсаты кім-кімді болмасын сүйсіндірмей қоймайтындығы рас. Біз де талантын талабына ұштастырған жанға «Талабыңа нұр жаусын» деген тілек білдіреміз.
Е.ТАБЫНБАЕВ