«АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ СЫР ШЕРТЕДІ»
Арал аудандық архиві Қамбаш көлі жағасында өткізілген ІІІ халықаралық Балықшылар слетіне «Архив құжаттары сыр шертеді» атты тақырыпта балықшылар өміріне қатысты архив қоры құжаттарынан көрме ұйымдастырды.
Көрмеге 1925 жылы «Аралбалық» тресін құру, теміржол арқылы 1923-1927 жылдар аралығында Арал теңізінен ауланған балықтың жөнелтілуі туралы құжаттар, кейінге кезеңдегі Арал проблемалары бойынша БҰҰ, Бүкіләлемдік Банк және т.б. халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтетін конференцияға ұсыныстар (САРАТС жобасы) қойылды. Сонымен қатар, слет қонақтары Арал ауданының халқын әлеуметтік қолдау бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Н Ә. Назарбаевқа 1995-1999 жылдары облыс әкімі қызметін атқарған Б. Сапарбаевтың жазған хатын, Арал аймағы проблемалары және даму перспективалары халықаралық кеңесі құжаттарын, балықшылар өмірін айшықтайтын алпысыншы жылдардың фотоларын тамашалады.
Құжаттар көрмесінде Елбасының Аралға сапары кезіндегі суреттері мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты К. Бисенова, Д. Қалабаев, Қазақ КСР сыйлығының лауреаты Н. Демеуовтің жеке тектік қорларының құжаттары слет қонақтарының қызығушылығын тудырды.