ОБЛЫСТЫҚ СОТТА ҚҰҚЫҚТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау мақсатында Қызылорда облыстық соты өткізген «Мәңгілік ел бастауы – рухани жаңғыру» атты дөңгелек үстелде осындай шешім қабылданды. .Мемлекет басшысы мақаласындағы мәселелер тарата айтылған шараға Қорқыт ата атындағы ҚМУ басшылығы да қатысты, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, ҚР Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Айбек Дәуренбеков және облыстық соттың алқа төрағалары, судьялар мен аудандық соттардың төрағалары қатысқан жиында ұлттық рухани тамырымызды өркендетуге, мәдени бетбұрысымызды және дүниетанымдық көзқарасымызды жаңғыртуға арналған мақаладағы өзекті мәселелер сөз болды. Солардың бірі – көшелердің тарихи-географиялық атауын сақтау және оларды қайта қалпына келтіру. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Жарылқағановтың айтуынша, қазіргі таңда 45 көшеге тарихи тұлғалардың атын беру үшін республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс берілген.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі» тақырыбында баяндама жасап, мемлекет басшысының жыл соңына дейін жаңа графикалық латын әліпбиінің стандартты нұсқасын жасауды жүктегенін атап өтті. Сондай-ақ филология ғылымдарының кандидаты латын әліпбиіндегі әріп саны 26-дан асатын болса, қазақ тілінің табиғаты бұзылатындығын көпшілікке кеңінен түсіндірді. Осы секілді мақаладағы тереңінен ой толғауға жетелейтін, зерттеп, зерделеуді қажет ететін тақырыптар аясында пайымды пікірлер білдірілді.
Шара соңында Қызылорда облыстық соты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында Құқықтану кафедрасының филиалын ұйымдастыру және құру туралы екіжақты шартқа қол қойылды.