ГОЛЛАНДИЯЛЫҚ ҒАРЫШКЕРЛЕР ЭТНОАУЫЛМЕН ТАНЫСТЫ
Осыдан оншақты күн бұрын ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қармақшы ауданында ашылған этноауылды тамашалаушылар қатарында шетелдік туристер қатарының көбейгенін бұдан бұрын да хабарлаған едік. Қазақтың салты мен дәстүрін паш еткен ауылға Германия, Ирландия, Румыния, Франция, Өзбекстан мен Қырғызстаннан 800-ге жуық турист келген. Олардың қатары кеше Анрде Кёйперс бастаған делегациямен толықты.
Нидерландық астронавт бастаған 25 адамдық делегация алдымен әуелі ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің туристік маршрутына енген Байқоңыр кешенін тамашалады. Мұнан соң Қорқыт ата кешені маңынан ашылған этноауылға жетті.
Қонақтар он алты қанаттық хан киіз үйі ерекше əсер қалдырғанын айтады. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерді аралап шыққан олар қолөнер шеберлерінің төл туындыларын жоғары бағалады. Сондай-ақ, туристер алтыбақан теуіп, балуандар күресін тамашалады. Сəйгүлікке мініп, серуен құрды. Осылайша, қазақ халқының бай мəдениеті мен салт-дəстүрі туралы мол мағлұмат алды.
Ал ертең этноауылға Жапония Парламентінің депутаттары келеді деп күтілуде.