ҚАРМАҚШЫДАҒЫ ОТБАСЫЛАР САЙЫСЫ
Астана күні мерекесіне байланысты аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біз-спортсүйер отбасымыз» атты отбасылық сайыс өтті.
Сайыстың ашылу салтанатында бірлестік төрайымы Бақыткүл Райымбаева оған қатысушыларды Астана күні мерекесімен құттықтап, жарыстың мақсаты мен талаптары жайлы айтып өтті.
Сөз кезегінде Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкеев, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үрзақия Махамбетова, еңбек ардагері Сайлаубек Тыныштыбаевтар сайысқа қатысушыларға өздерінің жылы лебіздерін арнап, сәттілік тіледі.
Қабанбай Арғынбаев пен Абай Дошманов қазылық еткен сайыста талапкерлер «Қырық аяқ», «Допты түсірме», «Жеміс жинау», «Парақтағы шарик» ойындары, сонымен бірге гір тасын көтеру, боулинг, қол күресі бойынша сайысқа түсті.
Тағылымы мен тәрбиелік мәні зор болып өткен спорттық шара қорытындысымен оған қатысушы Шауханбаев, Тынысбеков, Кірқабақов, Таңатаров, Сұлтанов, Қойшыбаев, Пірмаханов және Әділовтер отбасылық командалары жарысты ұйымдастырушылар тарапынан түрлі номинациялар бойынша марапатталып, сый-құрметке ие болды.